Тарихи анықтама

  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң ғылыми кiтапханасы - университеттiң құрылымдық бөлiмшелерiнің бiрі ретінде маңызды орын алады. Кітапхана тарихы 1962 жылы негізі қаланған С. Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының шағын кітапханасынан басталады. Бастапқы қоры Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарынан сыйға берілген 5504 дана кітаптан тұрды. Бірінші оқу жылында жазылған оқырмандар саны 500 болса, оның ішінде күндізгі және сырттай оқу бөлімінде 399 студент, 24 оқытушы, 11 қызметкер болды. Кітапханада 3 қызметкер жұмыс істеді. Жыл сайын кітапхана қоры Мәскеу, Ленинград, Киев, Минск, Уфа, Ростов, Гомель, Одесса және Кеңес Одағының басқа да қалаларының кітап дүкендерінен келген кітаптармен толықтырылып отырды. 1972 жылдың есебінің көрсеткіштері бойынша кітапхана айтарлықтай өсті. Кітапхана 1989 жылы жаңа үлгідегі ғимаратқа (жалпы ауданы: 4886 шаршы метр) көшеді.

1996 жылы 23 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  ұйғарымымен Целиноград педагогикалық институты мен Целиноград инженерлік-құрылыс институтының бірігуіне сәйкес   Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті құрылды. 

2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №924 (06.07.2001ж.) Қаулысымен университет кітапханасы базасында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ашылды. Мақсаты: жазба рухани-тарихи мұраларды сақтау, кітапхана қорын дамыту және кеңейту.

2008 жылы электрондық кітапхана құру ісі қолға алынды және кітапханалық-библиографиялық үдерістерді автоматтандыру жүйесі жаңа «КАБИС» бағдарламасының негізінде жүргізілді.

2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының бұйрығымен (27.04.2009 ж. №456) кітапхана «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығынан бөлініп, «Университеттің ғылыми кітапханасы» болып қайта құрылды.

2000 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасы  – Астана қаласы мен Ақмола облысының жоғары және орта кәсіптік білім беру жүйесі кітапханалары үшін ғылыми-әдістемелік орталығы болып бекітілді.

Бүгінгі таңда, кітапхана – ақпараттық білім беру және мәдени-рухани орталық. Ғылыми кітапхананың кітап қорында 1,5 млн. данадан аса оқулықтар, ғылыми әдебиеттер, мерзімді басылымдар, авторефераттар, диссертациялар, әдістемелік құралдар, библиографиялық көрсеткіштер, шет тіліндегі басылымдар және электронды оқулықтар бар. Кітапхана жылына 400 аталымнан астам қазақ, орыс және шет тіліндегі газет-журналдарға жазылады. Кітапхана қорындағы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғалымдарының еңбектері, халықаралық конференциялар мен семинарлардың жинақтары, университеттен шыққан ғылыми журналдар мен басылымдар үздіксіз сұранысқа ие болып келеді.

Ғылыми кітапхана - Қазақстанның жоғарғы оқу орындары кітапханаларының Ассоциациясының мүшесі.