«АБАЙ АКАДЕМИЯСЫ» СЕРИЯСЫМЕН ШЫҚҚАН ЖАҢА КІТАПТАР

2020 жылы, қазанның 1 күні ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай академиясынан» Абай мұрасы мен шығармашылық өмірбаянына қатысты жарыққа шыққан ғылыми зерттеу еңбектерінің онлайн таныстыруы өтті.

     Мұнда Е.Сыдықовтың «Абайдың ғұмырнамасы» (1,2-кітап), Ғ.Есімнің «Абай пәлсапасы», С.Негимовтың «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы», Т. Жұртбайдың «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті…» және басқа да кітаптары таныстырылды. Іс-шара барысында аталған еңбектердің ғылыммен айналысып жүрген жастарға бағыт сілтер маңыздылығы сөз болды.

    «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Е.Сайлаубай аталған еңбектердің мән-мағынасына жан-жақты тоқталып, бұл еңбектер абайтанудың барлық саласын қамтылғанын атап өтті.

       Университет ректоры, академик Е.Сыдықовтың 2 кітаптан тұратын «Абайдың ғұмырнамасы» еңбегінде архив қорларында сақталған Абай Құнанбайұлының ғұмырнамасына қатысты ақын замандастарының, ұрпақтарының және зерттеуші ғалымдардың ғылыми-танымдық естеліктері жарияланған.

     Абай өмірбаяны замана тынысымен бірге, өскен ортасы, өмір сүрген уақыты аясында жан-жақты талданған. Бұл еңбектің абайтанушылар мен қалың оқырман қауым үшін берері мол, ұлағатты еңбек екені баса айтылды.