«Абай сөзі –ұрпақ темірқазығы» атты эссе байқауының қорытындысы

Ағымдағы жылдың 25-қарашасы күні ғылыми кітапханада ұлы ақын А.Құнанбайұлының қарасөздері бойынша өткен «Абай сөзі – ұрпақ темірқазығы» атты эссе байқауының қорытындысы болды. Байқауға университеттің барлық факультеттерінен студенттер қатысып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 21 эссе келіп түсті. Қатысушылар ережеге сай Абайдың 45-қара сөзінің бірінен эссе дайындап, ақынның философиялық ойының өз дүниетанымдарына тигізген әсерімен бөлісті. Байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес жазылған жұмыстар комиссия сараптауынан іріктелініп алынды.

Қазақ тілінде жазылған жұмыстарды ф.ғ.к., Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Қ.Қ. Сарекенова, орыс тілінде жазылған жұмыстарды ф.ғ.к., орыс филологиясы кафедрасының доценті М.Е.Жапанова, ағылшын тіліндегі эсселерді шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы А.А. Дюсенгалиева тексеріп, өз бағасын берді.

Сарапшылар шешімі бойынша қазақша эсселер арасынан 1 орынды филология факультетінің студенті Ә.Әлімбай, 2 орынды журналистика және саясаттану факультетінің студенті А.Әмірбекқызы, 3 орынды филология факультетінің студенті А.Дәуренбек иеленді.

Орыс тіліндегі эсселер бойынша көлік-энергетика факультетінің студенті А.Синельникова 1 орынға, филология факультетінің студенттері Ж.Қанатова 2 орынға, Ә. Жаңаберген 3 орынға шықты. Ұстаздар жүлде алған эсселердің әрқайсына жеке тоқталып, жан-жақты талдады. Қ.Сарекенова эсселердің басым бөлінің жоғары деңгейде жазылғандығына сүйсініп, студенттердің Абай қарасөздеріне терең үңіліп, көздеген мақсаттарына жете білгенін атап өтті. Ә. Әлімбай өз шығармасында Абай Құнанбайұлы – қазақ елі үшін туған асқақ ер. Себебі, Абай қазақты жақсылыққа, тәрбиелілікке, адамгершілікке, имандылыққа, жақсы мінез қалыптастыруға бағыт берген, үлгі көрсеткен, өлеңдері, поэмалары, қара сөздері арқылы жақсылыққа жетелеген алтын тұлға деп бағалайды.

Ұстаздар мен байқау қатысушылары Абайдың 175 жылдығына арналған бұл іс-шараның маңыздылын ескере отырып, кітапхана қызметкерлеріне өз ризашылықтарын білдірді. Іс-шара соңында ғылыми кітапхана мамандары барлық қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттап, байқау жеңімпаздарына дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыстады.