«Кітап – сарқылмас рухани қазына» атты кітап көрмесіне бейне шолу

Үстіміздегі жылдың 25 қарашасында ғылыми кітапханада «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған оқулықтардың кітап көрмесі өтті.  Ұлттық рухымызды жаңғыртуға бағытталған  «Кітап – сарқылмас рухани қазына» деген атаумен өткізіліп жатқан көрмеге педагогика, филология, журналистика, кино, өнер саласы бойынша 28 кітап қойылды.

Педагогика саласынан Э.Битэм, Р.Шарптың «Педагогиканы цифрлық дәуірде қайта зерделеу. XXI  ғасырдағы оқыту дизайны» атты кітабы білім берудің техно-бағдарлы болашағын кеңінен баяндайды.

Д.Шунктың «Оқыту теориясы» атты кітабында оқыту теориялары, зерттеу тәсілдері қамтылған. Бұл еңбек оқытудың негізгі теориялық принциптеріне жаңа көзқараспен қарауды ұсынады. Кіріспеде оқыту теориялары, зерттеу тәсілдері қамтылса, кейінгі тарауларда нейроғылымның білімге ықпалы талқыланады.

Ли Энн Пектің «Медиа этикасы» бұқаралық ақпарат құралдары саласында кездесетін этикалық мәселелерді шешу жолдарын көрсетуге арналса, Р.Хиллиардтың «Телевизия, радио және жаңа медиаға мәтін жазу» кітабы сценарий жазу шеберлігіне шыңдайды.

Филология саласынан ұсынылған С.Тер-Минасованың  «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» аудармасы қазақ тілінде алғаш басылып отыр. Оқулық түрлі ұлт, мәдениет өкілдерінің өзара ұғынысып, ортақ тіл табысуы үшін мәдениетаралық коммуникацияның маңыздылығын түсіндіреді. Осы саладан Т.Янсонның «Тіл тарихы», Д.Ривкин мен М.Райанның «Әдебиет теориясы» көп томдық кітаптары қойылды.

Өнер саласынан француз философы Жил Делөздің  «Кино 1. Қозғалыс-бейне» және «Кино 2. Уақыт-бейне» атты екі томдық еңбегі кинодағы бейнелер, қозғалыс, кеңістік, уақыт және бейне сынды іргелі ұғымдарға түсінік береді.

Аталған оқулықтар ғылыми кітапхананың барлық оқырмандарына, оқытушыларына гуманитарлық пәндерді оқуда белсене пайдалану мен зерттеу процесінде интеграциялау үшін ұсынылады. Әдебиеттерді ғылыми кітапхананың кітап қорынан алып танысуларыңызға болады. Кітапхана мамандары рухани жаңғыру жобасы бойынша шыққан оқулықтарды насихаттай отырып, кезең-кезеңімен таныстыру мен шолуды одан әрі жалғастырады.