«Арнайы қажеттілікті талап ететін жандардың құқықтарын қорғау» атты онлайн-кездесу

Ағымдағы жылдың 10 желтоқсан күні Халықаралық мүгедектер күніне орай Нұр-сұлтан қаласының Америка бұрышы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми кітапханасының инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының ұйымдастыруымен «Арнайы қажеттілікті талап ететін жандардың құқықтарын қорғау» атты ақпараттық онлайн-кездесу өтті.

Бұл кездесудің мақсаты – арнайы қажеттілікті талап ететін жандардың қоғамның бір бөлшегі екендігін көрсету, әрбір мүмкіндігі шектеулі жанның құқықтары мен мүмкіндіктерімен, сонымен қатар заңнамадағы жаңа өзгерістермен таныстыру.

Іс-шараның қонағы Қарағанды облысының «Әділет» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау Министрлігі жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Жәнібек Жұмағұлұлы Байтоков арнайы қажеттілікті талап ететін жандардың құқықтары мен әлеуметтік порталдың қазіргі мүмкіндіктерін қалай қолдануға болатынымен бөлісті. Қатысушылар тұрғын үй, оқу, жұмыс, жеке көмекшіге байланысты көптеген өзекті сұрақтар қойып, жауаптарын алды. Арнайы қажеттілікті талап ететін жандардың арасында біраз ұсыныстар айтылды. Солардың бірі – тұрғын үй мәселесі мен шипажайға жолдама алу туралы болды. Жәнібек Жұмағұлұлы барлық ұсыныстарды тыңдап, өз тарапынан мәселенің шешілуіне ықпал ететінін айтып өтті.

Кездесу соңында қатысушылар ризашылығын білдірді. Бұл кездесу арнайы қажеттілікті талап ететін жандардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерімен толық танысуға және сұрақтар алмасу арқылы біраз маңызды мәселелерді көтеруге пайдасын тигізгені сөзсіз.