«Әл-Фараби және „Мәңгілік Ел“ идеясы» кітабының тұсаукесері

2020 жылғы 11 желтоқсанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кітапханасында тарих ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Сатай Сыздықовтың «Әл-Фараби және „Мәңгілік Ел“ идеясы» атты жаңа кітабының онлайн-тұсаукесері өтті. Монографиялық еңбек қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған.

Шараның модераторы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері – Иманғазы Нұрахмет. Бұл еңбек шығыстың ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай жарық көрген.

Таныстырылымда сөз алған автор монографиялық еңбектің қалай жазылғаны және оның деректік құндылығы жөнінде өз ойымен бөлісті. «Мәңгілік Ел» идеясының саяси-философиялық негізі туралы ғылыми талдауларының тарихи себептерін ашып берді. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» сияқты әлеуметтік салаға қатысты ойларының мән-мағынасын сараптай отырып, ұлы ғұламаның ел басқару ісі туралы озық ойларын бүгінгі заманның талаптарына сай талдады.

«Мәңгілік Ел» идеясының тарихи-рухани қайнар көзіне, ұлы ойшылдың шыққан елі мен тегіне қатысты жаңаша ғылыми тұжырымдар жасалған. Әл-Фараби мен Абай ілімдерінің рухани сабақтастығы зерделеніп, бұл ілім бүгін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына негіз болып ғана қалмай, оны жүзеге асыруда да жетекші рөл атқаратынын атап көрсетті.

Тұсаукесер рәсімінде кітапхана директоры Б.Оразалиев Сатай Мақсұтұлынның еңбегіне шығармашылық табыстар тіледі.
Іс-шараға кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.