«АБАЙ ЖӘНЕ РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІК» АТТЫ КЕЗДЕСУ

2020 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Ғылыми кітапханада филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Тұрсын Жұртбаймен «Абай және рухани Тәуелсіздік» атты кездесу өтті.

Абайтанушы Тұрсын Құдакелдіұлы Абай Құнанбайұлының 175 жыл толуына орай «Абай академиясы» сериясымен жарыққа шыққан «Білмей мұны жазған жоқ…: мәтінтанулық зерттеу» (1-2 кітап) және «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті …: (Абай және оның әлеуметтік ортасы)»; сонымен қатар «Кешегі өткен би Құнанбай…: (…қандай еді: тарихи және әдеби тұлға)»; «Ол боламын демеңдер…: Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулер» атты еңбектерімен таныстырып, жазу барысына тоқталды.

Абайтану іліміне қатысты «Білмей мұны жазған жоқ…: мәтінтанулық зерттеу» атты 1-кітапты жазу барысында пайдаланған Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміндегі қазақтың кемеңгер ойшылы, ұлы суреткер Абай Құнанбайұлы шығармалары (1932 жылы көшірілген, 136 беттен тұратын сиямен араб тілінде жазылған) Шериздан Мәрсекұлы қолжазба нұсқасымен таныстырды.

2-кітапта Аманжан Жақыпов өткізген белгісіз автор көшірген қолжазба нұсқасы (93 беттік, төте жазу көк сиямен жазылған) Абай Құнанбайұлының Санкт-Петербургтен 1909 жылы жарық көрген кітабының көшірмесін Абайдың шығармаларымен салыстырып зерттелген туралы айтты.

Әр жылдары, әртүрлі баспалардан шыққан Абай өлеңдерінің салыстырмалы түрде әлі де зерттеулерді талап ететіне тоқталды.

Жазушының бұл еңбектері мәтінтанушы, әдебиеттанушы ғалымдарға, білім алушыларға және жалпы рухани мұраға қызыққан қауымға арналған. Кездесу барысында сөз болған қолжазбалар мен Абай зерттеулері туралы жарық көрген еңбектермен Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінен танысуға болады.

Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктеріне тоқтала отырып, Тәуелсіздік күнімен құттықтап, кездесу соңында өз оқырмандарымен естелік суреттерге түсті.