ЕҰУ-де ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау қызметі ашылды

2020 жылдың 29 желтоқсанында Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» ғылыми кітапханасында Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау қызметі ашылды. Салтанатты іс-шара ректор мен проректорлардың және декандар мен әкімшілік қызметкерлердің қатысуымен өтті.

Ректор Ерлан Бәтташұлы өзінің құттықтау сөзінде кітапхана әр университеттің бет-бейнесі екенін және кітапханадан кез-келген ғалымды іздеудің ұзақ жолы басталатынын баса айтты.Сонымен қатар кітапхана ұжымының жұмысына жоғары баға берген академик, әсіресе пандемия кезіндегі атқарған еңбектеріне ерекше тоқталды және олардың алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында ЕҰУ-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлының кітапхана қорына сыйға тартқан кітаптарының көрмесі өтті. «Әр адамның құнды кітаптары бар. Мен осыдан он жыл бұрын осы кітапханаға 1700 кітап тарту етсем, университетіміздің 25 жылдығы қарсаңында тағы да 640 кітап тапсырдым. Бұл еңбектердің әрқайсысы мен үшін өте қымбат», – деді ғалым. Сондай-ақ, проректор сирек кездесетін бірнеше құнды кітаптар туралы, оларға қалай қол жеткізгенін және одан не тәлім алғанын еске түсірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі уақытта университет кітапханасы 5 және одан да көп жыл мұрағаттары бар 220 мыңнан астам шетелдік (лицензиялы) ғылыми басылымдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал ғалымдар жарияланымдарының көрінуін арттыруға бағытталған ғылыми кітапхананың жаңа бөлімшесі университеттің ғылыми-зерттеу қызметіне жәрдемдесетін болады. Оның негізгілері: ғылымиметрикалық және ашық деректер базаларымен жұмыс істеу; ғылыми ізденіс дағдыларын арттыру, электрондық ресурстар контентін пайдалану, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін жариялау үшін дереккөздерді таңдау бойынша оқыту тренингтерін өткізу; кеңес беру-анықтамалық қызмет, т.т.

Рәсім соңында Журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филолог, ақын Серікзат Дүйсенғазы өз өлеңдерін оқыды.