Ректорат мүшелерінің қатысуымен «Ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдау қызметі» ашылды.

29 желтоқсан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Тарихи мерейтойға тарту» акциясы аясында академик Дихан Қамзабекұлы кітапхана қорына өзінің жеке жинағынан 635-ке жуық кітапты тапсырды. Бұдан әрі ректорат мүшелерінің қатысуымен «Ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдау қызметі» ашылды.

«Ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдау қызметі» ағымдағы жылдың ақпан айында өз жұмысын бастаған болатын. Жарияланымдық белсенділікті қолдау бойынша қызметтер университеттің ғылыми дәрежесін ізденушілерден үнемі келіп түсетін сұраныстар негізінде қалыптастырады. Ғылыми кітапхана университеттің құрылымдық бөлімшесі ретінде электрондық білім беру ресурстарына қолжетімділікті ұсынатын әлемдік ғылыми баспалармен де тығыз әріптестік қарым-қатынаста. Мұндай баспалардың ғылыми журналдарының көпшілігі «Web of Science» және «Scopus» сияқты ғылыми базаларда индекстеледі, ал олардың талдамалы деректері университеттердің рейтингтерін жасау кезінде пайдаланылады.

Қазіргі уақытта университет кітапханасы 5 және одан да көп жыл мұрағаттары бар 220 мыңнан астам шетелдік лицензиялық толық мәтінді ғылыми басылымдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл «IEEE Xplore», «Academic Search Complete», «eBook Academic Collection», «Oxford Journals», «Oxford scholarship online», «Wiley» ДБ, «Euromonitor International Passport» талдау ДБ, ғылыми мерзімді басылымдардан тұратын «East View» ДБ (150 бірлік). Сондай-ақ, ҚР БҒМ «Web of Science», «Science direct», «Scopus» реферативтік-библиографиялық деректер қорына қолжетімділік берді. Осындай ресурстар жиынтығын игере отырып, осы мәселелерде құзыретті қызметкерлердің бастауымен, бүгінде аталған бөлімшенің белгілі бір бағыттары бар, олардың негізгілері:

  • ғылыми контенттегі лицензиялық (жазылу), ғылымиметрикалық және ашық деректер базаларымен жұмыс істеу;
  • ғалымның ғылыми жарияланымдарының көрінуін арттыру үшін оларды бір жүйеге сәйкестендіру бойынша жұмыс;
  • ғылыми ізденіс дағдыларын арттыру, электрондық ресурстар контентін пайдалану, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін жариялау үшін дереккөздерді таңдау бойынша оқыту тренингтерін өткізу;
  • кеңес беру-анықтамалық қызметі.

Ғалымдар жарияланымдарының көрінуін арттыруға бағытталған ғылыми кітапхананың жаңа бөлімшесінің қызметі университеттің ғылыми-зерттеу қызметіне жәрдемдесетін болады.