«Менің университетім – менің мақтанышым» поэзиялық марафоны

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына орай 25 ақпанда ғылыми кітапханада «Оқытушы еңбегі – оқырманға ой салса» атты жоба аясында озық ойлы оқытушылардың ғылыми еңбектері мен көркем шығармаларын оқырманға жеткізу, таныту мақсатында  әдеби шара – поэзиялық марафон өтті.

Шара барысында жыр сүйер оқырман қауым оқытушыларымыздың жыр жинақтарынан ой-тұжырымдарға толы, ерлік пен өрлікке, парасат пен адалдыққа, махаббат пен шапағатқа толы жырларын оқыды. Кешімізге филология факультетінің оқытушысы Бекқожа Жылқыбекұлы және  университет білімгерлері қатысты.

Профессор, ақын Жанат Әскербекқызының «Қаз қанатындағы ғұмыр» атты кітабынан табиғат тақырыбына арналған «Көктем хабары» өлеңін филология факультетінің 1 курс студенті Алмасова Нұрай, «Ертістің бойы» атты жыр шумағын  филология факультетінің студенті Сыдық Назым оқыды.

Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы Дәулеткерей Кәпұлының туған жер тақырыбына арналған «Алтай астым, алатауда түледім», «Шың басына жұлдыз жағып, шам іліп» атты өлеңдерін Кенжебекова Бану және Төлежанова Ұлдай мәнерлеп оқыды. Қытай филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бекқожа Жылқыбекұлының  «Елім менің», «Уақыт» атты поэзиялық еңбегінен өлеңдер топтамасын  Ибайдуллаева Сәулет, Марат Жанболат оқыды. Шараға қатысушылардың барлығы сүйікті өлеңдерін әсерлене оқып, белсенділік танытты.

Кеш қонағы оқытушы Бекқожа Жылқыбекұлы шараға қатысушыларға ақын қаламына тән нәзік сыршылдық, қазақ поэзиясының дәстүр жалғастығы жөнінде көзқарасын, ой – толғамын білдірді.

Іс – шара соңында оқытушы еңбектерінен ұйымдастырылған «Оқытушы еңбегі-оқырманға ой салса» атты кітап көрмесіне филология оқу залының жоғары білікті кітапханашысы Д. Беркутова шолу жасап, студенттерге жылы лебіз білдіріп, алғыс айтты.