«Айтары бар ұлағатты ұстаз» әдеби іс-шара

26-наурыз күні Ғылыми кітапханада «Оқытушы еңбегі – оқырманға ой салса» жобасы аясында айтыскер ақын, журналистика және саясаттану факультетінің «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазымен кездесу өтті.

 

Кездесуді ғылыми кітапхана директорының орынбасары Ж.Бекайдарқызы ашып, ертеден келе жатқан халық ауыз әдебиетіндегі поэзия жанрының бірі айтыстың тәрбиелік мәні мен құндылықтарына шолу жасап өтті. Осы айтыстың дамуына үлкен үлес қосып жүрген, бірнеше республикалық айтыстың жүлдегері ретінде халыққа танымал ақын, ұстаз С.Дүйсенғазыны жиналған қауыммен таныстырды. Кеш қонағы жиналған жастарға өзінің шығармашылығы мен айтыскер ақын ретіндегі қалыптасу жолын баяндады. Ұстаздық қызметі жайлы әңгімелеп, поэзия сүйер қауымға бірнеше өлеңін оқыды. Жастарға рухани азық болар білім жинаудың, өз ісіңнің нағыз маманы болуға ұмтылудың маңыздылығы жайлы ұстаздық ақыл-кеңесін жеткізді.

 

Кештің көркін С.Дүйсенғазы өзі жетекшілік ететін «Топжарған» жас ақындар клубының мүшелері қыздырды. Ж. Марат, Д. Нысанқұл, Т. Шуныковалар ақын өлеңдерін оқыды. Ғылыми кітапхана қызметкерлері ұлағатты ұстаз, өнерді жанына серік еткен ғалымға алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі, қонақтарды ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалауға шақырды. Танымал тұлғамен жүзбе-жүз сұхбаттасқан студенттердің кездесуден алған әсерлері мол болды.