ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібековпен кездесу

Наурыздың 26 жұлдызы күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ғылыми кітапханада қоғам қайраткері, ұлы тұлға, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібековпен кездесу болды. Бұл шараға ЕҰУ-нің Журналистика факультетінің белсенді студенттері мен Серікзат Мақсұтұлы бастаған «Топжарған» ақындар ұйымының шайырлары қатысты және кездесу онлайн форматта да жүргізілді. Бүгінгі күн, ертеңгі тарих демекші бұл кездесуде біз өте керемет әсер алып, бір тірі тарих сахнасынан шыққандай болдық. Жандарбек ағамыздың ұшқыр ойы мен әдемі сөз саптай білуі, талайымыздың таңдайымызды қақтырғаны рас.

Бұл шарада Жандарбек ағамыз өзінің арнайы әкелген Елтаңбасын кітапханаға тарту етті. Бұл кереметтей кеш тізгінін белгілі ақын, телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы ұстаса, филология ғылымның докторы, профессор Серік Негимов мазмұнды әңгімесімен жастардың рухын оятты.

Осы жиында Жандарбек Мәлібеков өзінің шебер сөйлеу деңгейімен рәмізіміз Елтаңбадағы толық ұлттық рухани құндылықтарды баршамызға ұғындырып берді. Әрине, мектеп кезінде ұлттық рәмізді таныстыру сайысы бәріміздің де басымыздан өткені рас. Дегенмен автордың өз аузынан толықтай мән-мағынасын естудің өзі бір бөлек дүние. Осылайша аталмыш кеш Топжарған ақындарының поэзия оқуы және сұрақ қоюымен жалғасты.

Қорыта келгенде, «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші бұл жиында өзімізге рухани азық алып, автордың Елтаңбадан да бөлек, туындыларымен таныстық. Кеш соңында Жандарбек атамыз жастарға ақ батасын беріп, өзінің жылы лебізімен бөлісті.