«Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» кездесу

Ағымдағы жылдың 20 сәуір күні студенттердің Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызымен «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» атты онлайн кездесуі өтті. Іс-шара Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған «Кітап – білім бұлағы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Кездесуге Филология факультетінің, Ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері және «Ғибрат» еріктілер клубының мүшелері белсенді қатысты. Кездесу қонағы студенттерді кітап мерекесімен құттықтай отырып,  жастарды жақсы кітаптар оқуға шақырды. «Кітаптарды оқу арқылы біздің ақылымыз одан әрі өсіп, эмоционалды және психологиялық тұрғыдан дамып, жаңа нәрсені біліп, ой-өрісімізді кеңейтеміз. Кітап оқу – бұл жай ғана қуаныш пен рахат әкеледі», – деді О.Асанғазықызы.

Өзінің кітап таңдау тәжірибесімен бөлісе отырып, Оразкүл Асанғазықызы студенттерге қазақ фольклорының «Бабалар сөзі» сериясын, халық шығармашылығы туындыларын, Бауыржан Момышұлының әңгімелерін және басқа да отандық жазушылардың шығармаларын оқуға кеңес берді. Кездесу барысында қонағымыз өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, өмірінде өткен қызықты тарихи оқиғаларын айтып берді, сондай-ақ жақсы ана, әйел, үлгі тұтар жұмысшы болудың құпияларымен бөлісті және жастардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында О.Асанғазықызы ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, студенттерге оқуда сәттілік пен өмірде белсенді болуын тіледі.