«ТӘУЕЛСІЗ ТҰЛҒА» Ғалым Тұрсын Жұртбай 70 жаста

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында университеттің ғылыми кітапханасында 11 қазан күні «Тәуелсіз тұлға» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбаймен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты жазушы, ғалым, абайтанушы, мұхтартанушы, алаштанушы Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлының шығармашылығымен оқырмандарымызды таныстырып, ақпарат беру.

Тұрсын Құдакелдіұлының 70 жас мерейтойымен қатар, ғалымның ұзақ жылдар қызмет етіп, негізін қалаған «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына – 20 жыл, осы кездесудің басты тақырыбы болды. Кездесуді айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазы жүргізді. Мерейтой иесін құттықтауға ғылымға еңбегі сіңген докторлар мен профессорлар Алпысбаев Құныпия, Рақымжан Тұрысбек, Тұрсынхан Зәкенұлы, Данагүл Махат, Үржамал Әлменбетовалар ғалым Т.Жұртбайдың еңбек жолы мен шығармашылығынан баяндама жасаса, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының дамуына сүбелі үлес қосқан Қасенова Оразхан Елғазықызы өз естеліктерімен бөлісті. Ғылыми кітапхананың директоры Оразалиев Бахытжан мерейтой иесіне кітапханашылардың атынан құттықтап, ұлттық нақышпен безендірілген шапан жапты.

Тұрсын Жұртбайдың шығармаларынан Журналистика және саясаттану факультетітінің 3-курс студенттері Төнкер Елігімай «Қодардың қара жартасы», Жүнисхан Айтолған «О, өмір», Филология факультеті, 2-курс студенті Абзал Мақаш «Кетбұғамен сырласу» атты өлеңдерін және Ғылыми кітапхананың қызметкері, ақын Иманғазы Нұрахметұлы «Ғалымға арнау» өлеңін оқыды.

Кездесу барысында Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі дайындаған «Алаш ұранды азамат Тұрсын Жұртбай – 70 жаста»; «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына – 20 жыл; «Кітапханадағы мемориалдық қорлар» атты бейнероликтерді көрермен тамашалады.

Тұрсын Құдакелдіұлы сөз соңында келген қонақтарға алғысын білдіріп, көп жылдыр қызмет істеген кітапханашы қызметкерлеріне үлкен алғысын айтты. Сонымен қатар кездесуге келген қонақтар «Тәуелсіз елдің тұлғасы» атты Тұрсын Жұртбайдың шығармашылығына арналған кітап көрмесімен танысты. Кеш соңында студент жастар ғалым Тұрсын ағайдан қолтаңба алып, естелік суреттерге түсті.

 

«Сыйдырған жүрегіне жұмыр жерді»

(Т. Жұртбайдың жетпіс жасқа толған мерей тойына арнау)

Тұрсын ағам,

Жасында ақын болған сыршыл адам,

Суретін тіршіліктің сөзбен сызса,

Дем алып, байыз тауып тыншымаған.

Сезімі «қоңырқаз» боп көлге қонған,

Сенімі тас қабырға елге қорған.

 

Жырмен емдеп өмірден түңілгенді,

Ұйқысыз таңға жалғап іңірлерді,

Арқалап адамзаттың қайғы-мұңын

Сыйдырған «жүрегіне жұмыр жерді».

Өзгеше көп ақыннан бар әлемі.

Болмысы, үні бөлек, дара жолы.

 

Алашым түзетсе екен тал бесігің,

деуменен ел есінде қалды есімің,

Кім білсін арманыңа жеткізді ме?

Тағдырдың берері – жүз, бермесі – мың.

Сырластың Абаймен де, Мұқтармен де,

Тамыр тартып ұлылар шыққан жерге.

 

Көтерген адам емес даңқыңды Алла,

Ойыңның қазынасы сарқылған ба!?

Алдыңа кім жүгінбес тізе бүгіп,

Қисықты түзетін «Талқың» барда,

«Дулығаң» шар болаттан жебе өтпейді.

Бәрі бар, енді бізге не жетпейді!

 

Жетпіске келді бүгін Тұрсын ағам,

Қырсық адам,

Жәменкенің аунатып аруағын,

Хан Кененің басына құн сұраған.

Ұмытылмас мұндай ерлік қазақ барда,

Құны артық рахаттан да азаптан да.

 

Тұрсын ағам,

Бір емес өмір сені мың сынаған.

Шаң басқан архивтерде күн кешетін,

Азапқа дәл өзіңдей кім шыдаған.

Сондықтан, Жұртбаевты ұмытпайды ел,

Ұлықтасаң мықтыны ұлықтай көр!

Ақын Иманғазы Нұрахметұлы