Жоғары оқу орындары кітапханалары мамандарының біліктілігін арттыру

2021 жылдың 15-20 қараша аралығында ғылыми кітапхана базасында «Жоғары оқу орнының заманауи білім беру және зерттеу ортасындағы кітапхана» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары өтті.

Курсты Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мен ғылыми кітапхана бірлесіп ұйымдастырды. Курс бағдарламасы жоғары оқу орындары кітапханаларының мамандарына арналған.

Оқытудың мақсаты – кітапхана саласының жаңа беталысымен танысу,  жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу үдерісінің сапасын қамтамасыз ету үшін электронды ресурстарды пайдалану мүмкіндіктерін көрсету.

Курс аясында тыңдаушылар цифрлық ортада пайдаланушыларға арналған ақпараттық-кітапхана қызметімен, цифрлық контентті құру әдістері және тәжірибесімен, сонымен бірге  білім беру және ғылыми қызметте электрондық ресурстарды пайдалану, университеттің ғылыми басылымдарын индекстеу, сервистерді интеграциялау, заманауи пайдаланушы үшін ақпаратты іздеу жолдарымен танысты.

Оқыту бағдарламасына қосымша кітапхана қорын қалыптастыруды басқару және құжаттарды каталогтау, ашық қолжетімді заманауи технологиялардың жаңа бағыттары, инклюзивті білім беруді қолдау мүмкіндіктері, кітапхананы медиакеңістікте ілгерілету тақырыптары қамтылды.

Кітапхана басшылары мен жетекші мамандарына цифрлық ортадағы қызметті түрлендіру бойынша Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасының инновациялық тәжірибесі ұсынылды.

Курс лекция, тренинг, практикалық жаттығулар форматында өтті. Оқыту әрбір тыңдаушыға заманауи талаптарды ескере отырып, кәсіби құзіреттілігін кеңейтуге, сондай-ақ ақпаратты іздеу, ғылымиметрикалық және толықмәтінді ақпарат базаларымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Оқыту және тестілеу нәтижесінде тыңдаушыларға сертификат тапсырылды.