
«Кітап патшалығы» әдеби-танымдық кеші











Ғылыми кітапханада университеттің 30 жылдығына орай Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне арналған «Кітап патшалығы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – оқу мәдениетін дамыту, ұлттық мерекенің маңызын арттыру және кітапханашылардың кәсіби еңбегін дәріптеу болды.
Кешті педагогика ғылымдарының кандидаты Жанна Нұрманова мен Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі директорының орынбасары Мейрам Кикимбаев ашып, көпшілікті мерекемен құттықтап, кітап пен кітапхана ісінің қоғамдағы рөліне тоқталды. Ғылыми кітапхана директорының орынбасары Ержан Нуржанов пен кітапхана ісінің ардагері Айгүл Калкузова құттықтау сөз сөйлеп, салада еңбек етіп жүрген әріптестеріне толағай табыс тіледі.
Тарих факультетінің студенттері – «Тағылым» ғылыми-зерттеу үйірмесі мен «Booken Club» жастары «Ұлт зиялылары мен ұлттық кітап тарихы» атты сахналық көрініс қойып, Алаш арыстарының қазақ тіліндегі оқулықтар үшін жүргізген күресін шынайы бейнеледі. Кітапхана мамандары Құндыз Найманбаева мен Маржан Абыт әріптестеріне жырдан шашу шашты. Университеттің өнерлі ұжымы – Е-студия әншілері ән шырқап, жас күйшілер Азамат пен Ердәулет бірнеше күй орындап, ұлттық өнердің көркем үлгісін көрсетті. Поэзия бөлімінде Қараөткел орта мектебінің 6 «А» сынып оқушысы Төленді Асылай Серікқызы өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Жырсүйер жастар Айсана Қуаныш, Таңшолпан Амантай, Гүлбану Шайхибек, Ғабит Маликов қазақ ақындарының шығармаларын мәнерлеп оқыды.
Іс-шара соңында қатысушылар «Кітап сыйлау акциясы» мен «Сырлы әлем», «Әріптер сыры» атты әдеби-интеллектуалдық ойындарға қатысты. Кеш кітапхана маманы Толғанай Телибаеваның әуезді әнімен аяқталды.
