
Кітапхана Life: Балалар кітап әлемінде

Ғылыми кітапханада кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мақсатында қызметкерлердің балаларына арналған «Кітапхана Life: Балалар кітап әлемінде» атты танымдық іс-шара өтті.
Іс-шара барысында балалар кітапхана қорындағы балалар әдебиеттеріне арналған кітап көрмесін тамашалап, ертегілер мен қызықты шығармалармен танысты.
Қатысушылар түрлі квест тапсырмаларын орындап, «Мақалды жалғастыр», «Әдеби кейіпкерді тап» және «Кім жылдам?» ойындарына белсене қатысты. Сонымен қатар, қазақтың белгілі ақын-жазушыларын атап, олардың шығармаларынан үзінділер оқып, өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті.
Жас оқырман Мадина Мадиярқызы қазақ халық ертегілері туралы әңгімелеп, сүйікті кейіпкерлерімен таныстырса, Абунасип Асфандияр «Алдар көсе» ертегісінің мазмұнын баяндап берді. Ал Азимхан Ақберен «Менің атым Қожа» кітабы туралы өз ойын бөлісіп, шығарма кейіпкерінің қызықты қылықтарына тоқталды.
Іс-шара бағдарламасы балаларға ерекше әсер сыйлап, олар кітапханаға деген жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдірді. Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс айтылып, естелік сыйлықтар табысталды.
Кітап әлеміне жасалған бұл танымдық саяхат жас оқырмандарға ұмытылмас әсер қалдырып, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түсті.
