
Open Air Library: Ашық аспан астындағы оқу алаңы
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасында кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында Open Air Library – «Ашық аспан астындағы оқу алаңы» атты әдеби кездесу ұйымдастырылды. Табиғат аясында өткен іс-шара кітап туралы еркін пікір алмасуға, әдеби талғамды қалыптастыруға және әріптестер арасындағы рухани байланысты нығайтуға арналды.
Кездесу барысында кітапхана қызметкерлері өздері оқыған шығармаларын таныстырып, олардың мазмұны, көтерген тақырыптары мен тәрбиелік мәні туралы ой бөлісті. Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романының тарихи және рухани құндылығына тоқталса, қатысушылар Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты», Мархабат Байғұттың «Интернаттың баласы», Дулат Исабековтің «Сүйекші», «Дермене» шығармалары, Александр Бушковтың «Сталин. Красный монарх» еңбегі және басқа да туындылар жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Д. Жәлелдің «Сенің жанарың» жыр жинағынан өлең оқылып, әдеби кештің мазмұнын байыта түсті.
Іс-шара еркін сұхбат форматында өтіп, қатысушылар өзара кітап оқу тәжірибесімен бөлісіп, бір-біріне жаңа шығармаларды оқуға ұсыныс жасады. Табиғат аясындағы әдеби кездесу кітаптың рухани құндылығын дәріптеп, кітап оқуға қызығушылықты арттыруға, сыни ойлау мен әдеби талғамды дамытуға ықпал етті.
