
1-курс студенттері Ғылыми кітапхананың мүмкіндіктерімен танысты

1–4 қыркүйек аралығында бірінші курс студенттері топ-тобымен Ғылыми кітапханаға экскурсияға келіп, оқулықтар абонементінің және оқу залдарының жұмысымен жақынырақ танысты. Олар кітап қорын аралап көріп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Кітапхана мамандары әдебиеттерді пайдалану тәртібін, кітап алу жолдарын және оқу залдарындағы кітап қорымен жұмыс істеу ерекшеліктерін түсіндірді.
Экскурсияның келесі кезеңінде Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау бөлімінің ақпараттық менеджерлері студенттерге MyLOF платформасының мүмкіндіктерін көрсетіп, университеттің түрлі ақпараттық ресурстарына шолу жасады. Студенттер платформаға тіркеліп, электрондық каталогпен жұмыс істеу бойынша практикалық нұсқаулық алды. Мамандар қажетті әдебиеттерді электрондық каталогтан тиімді іздеу, іріктеу және тапсырыс беру, сондай-ақ кітапхана ресурстарынан оқу үдерісіне қажетті ақпаратты табу жолдарын көрсетті.
Экскурсия барысында студенттер кітапхананың дәстүрлі кітап қорымен қатар, заманауи цифрлық ресурстары мен сервистерін пайдалану жолдарымен танысып, оқу үдерісінде кітапханалық және ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалануға алғашқы қадам жасауға мүмкіндік берді.
Осы күндері 1-курс студенттерінің университеттің құрылымдық бөлімдерімен танысуына арналған кездесулер өтті. Кездесу бағдарламасы аясында студенттерге Ғылыми кітапхананың қызметі, ақпараттық ресурстары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Кітапхананың бас әдіскері А. Байғабылова студенттерге кітапхананың құрылымы мен жұмыс тәртібі, оқулықтарды алу ережелері жөнінде түсіндіріп, оқу залдары, American Corner орталығы, Maker Space шеберханасы, сондай-ақ кітапхананың жобалары мен әлеуметтік желідегі парақшалары туралы мәлімет ұсынды.
