
«ЛЕВ ГУМИЛЁВ – ҒАСЫР ЖҰЛДЫЗЫ»: ҒАЛЫМ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ТАНЫМДЫҚ САҒАТ ӨТТІ

«Гумилёв әлемі» дәстүрлі жобасы аясында Ғылыми кітапхана көрнекті ғалым, тарихшы, этнолог әрі ақын Лев Николаевич Гумилёвтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Лев Гумилёв – ғасыр жұлдызы» атты танымдық сағат өткізді.
Іс-шара университет аумағындағы Л.Н. Гумилёв ескерткішінің жанында ұйымдастырылды. Танымдық кездесудің жүргізушілері — Журналистика факультетінің студенттері Үшкемпір Гүлсезім мен Орынбасар Елдос.
Шара барысында Журналистика факультетінің студенті Маербек Дина Лев Гумилёвтің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, ғалымның ғылыми ізденістері, әдеби мұрасы және түркі халықтарының тарихын зерттеуге қосқан үлесі туралы қызықты мәліметтермен бөлісті.
Кездесудің әдеби бөлімінде Қуанышов Әсет Л.Н. Гумилёвтің өлеңдерінің бірін оқып, оның ақындық қырын таныстырды.
Іс-шараның ерекше атмосферасын музыкалық орындаулар толықтырды. Студенттер гитарада музыкалық шығармалар орындап, кешке шығармашылық әрі жылы көңіл-күй сыйлады.
Танымдық сағатқа Көлік-энергетика, Архитектура, Жаратылыстану және Физика-техникалық ғылымдар институттарының студенттері көрермен ретінде қатысты. Олар Лев Гумилёвтің өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректермен танысып, танымдық бағдарламаға белсенді қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, шара аясында Л.Н. Гумилёвтің ғылыми еңбектері мен шығармаларынан құралған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме арқылы қатысушылар ғалымның тарихи, этнологиялық және әдеби мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
«Лев Гумилёв – ғасыр жұлдызы» атты танымдық сағат студенттерге көрнекті ғалымның өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан танып, оның ғылыми және әдеби мұрасының маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берген мазмұнды әрі әсерлі кездесу болды.
