
«Кітапханашыға сұрақ» ақпараттық апталығы өтті

2026 жылғы 5–15 қазан аралығында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттер үйлерінде Ғылыми кітапхана ұйымдастырған «Кітапханашыға сұрақ» ақпараттық апталығы өтті.
Іс-шараның мақсаты – студенттерді кітапхана қызметтері мен ақпараттық ресурстарымен таныстыру, ақпараттық сауаттылығын арттыру және оқу мен ғылыми ізденіс барысында электрондық ресурстарды тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыру. Апталық барысында Ғылыми кітапхананың ресми сайтымен — https://lib.enu.kz танысты. Сайтта кітапхана қызметтері, ресурстары, іс-шаралары туралы ақпарат орналастырылған. Сондай-ақ кітаптарды, мерзімді басылымдарды, ғылыми еңбектерді және басқа да материалдарды іздеуге мүмкіндік беретін кітапхананың электрондық каталогы — https://library.enu.kz/MegaPro/Web таныстырылды.
MyLOFT платформасында тіркелуге ерекше назар аударылды. Бұл платформа арқылы пайдаланушылар жазылымдағы электрондық деректер қорлары мен толық мәтінді ақпараттық ресурстарға қашықтан қол жеткізе алады. Кітапхана қызметкерлері тіркелу тәртібін түсіндіріп, платформа мен оның мобильді қосымшасының негізгі мүмкіндіктерін көрсетті.
Сонымен қатар студенттерге «American Corner and Makerspace Astana» ақпараттық ресурстар орталығының мүмкіндіктері, онда ұйымдастырылатын курстар, тренингтер, семинарлар мен шеберлік сабақтары туралы ақпарат берілді.
Кездесулерде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны насихатталып, студенттер кітап оқуға және оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырылды. Сондай-ақ кітапхана жанындағы клубтар мен ұйымдардың қызметі таныстырылды. BookenClub мүшелері студенттермен еркін форматта пікір алмасып, клуб жұмысы мен кітап оқуды насихаттауға бағытталған бастамалары туралы әңгімеледі.
Студенттер кітапхана қызметтері мен ресурстарына қатысты сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды.
«Кітапханашыға сұрақ» ақпараттық апталығы студенттердің кітапхана мүмкіндіктері туралы білімін кеңейтіп, электрондық ресурстарды пайдалануға және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
