
«Қазақ әдебиетінің классигі» Жазушы Сайын Мұратбековке 90 жыл

Ғылыми кітапханада көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әдебиетінің классигі» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – классик жазушының бай әдеби мұрасын зерделеу, шығармаларындағы адамгершілік құндылықтар мен көркемдік қуатты кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Тағылымды жиынға филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Серік Негимов пен Рақымжан Тұрысбек, филология ғылымдарының кандидаты Жанбота Кәріпбаев, филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасы жанынан құрылған «ALQA» әдеби-жастар ұйымының мүшелері, сондай-ақ магистранттар мен студенттер қатысты.
Іс-шараға Жанбота Тасболатұлы модераторлық етті. Қонақтар Серік Негимов пен Рақымжан Тұрысбек қаламгер Сайын Мұратбековтің көркемдік әлемі, жазушылық шеберлігі және тұлғалық болмысы туралы пайымды пікірлері мен естеліктерін ортаға салды. Бұл мазмұнды ойлар жиынның мәнін арттырып, тағылымдық сипатын тереңдете түсті.
Дөңгелек үстел аясында «Сөз зергері – Сайын Мұратбеков» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қаламгердің «Менің қарындасым» (1961), «Көкорай» (1967), «Отау үй» (1968), «Жабайы алма» (1972), «Дос іздеп жүрмін» (1973), «Жусан иісі» және басқа да шығармалары қойылды. Мәскеу баспаларында жарық көрген «Дикая яблоня», «На вершине Ушкара», «Запах полыни», «У теплого родника» және басқа да кітаптар орын алды. Сонымен қатар жазушының әр жылдары жарық көрген шығармалары және «Ескек жел» әңгімелер жинағы таныстырылды.
Кездесу соңында студенттер қаламгердің шығармашылығына қатысты сұрақтар қойып, ғалымдардан тұшымды жауап алды.
Сайын Мұратбековтің асыл мұрасы – жас ұрпақты адалдыққа, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін мәңгілік рухани темірқазық.
