
Детектив пен фантастика: заманауи жанрлық прозаның даму үрдістері

12 қараша күні Ғылыми кітапханада «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында «Детектив пен фантастика: заманауи жанрлық прозаның даму үрдістері» тақырыбында панельдік пікірталас өтті.
Іс-шараның ашылуында Ғылыми кітапхана директорының орынбасары Жанар Бекайдарқызы сөз сөйлеп, кездесудің мақсатына тоқталды. Сондай-ақ Ғылыми кітапханада әдеби сұхбаттар мен оқырман кездесулері бұған дейін де тұрақты өткізіліп келгенін, ал «Кітап оқитын ұлт» жобасы бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жанданып, қарқын алуына ықпал еткенін жеткізді.
Филология факультеті ағылшын тілі кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Дүйсенғалиева жобаның маңызы жөнінде ой қозғап, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.
Пікірталасқа көрнекті жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі арқау болды. Кештің арнайы қонағы – ақын Ықылас Ожайұлы қатысушылармен шығармадағы мистика, фантастика және психологизмнің өзара сабақтастығын талқылады. Сонымен қатар сана мен бейсананың арақатынасы, адам бойындағы жақсылық пен жамандықтың күресі, ұрпақтан ұрпаққа берілетін психологиялық жарақат секілді өзекті мәселелерге тоқталды. Ақын көркем шығарманы оқып қана қоймай, оның мазмұнын өмірмен байланыстырып, терең пайымдаудың маңызын атап өтті.
Кездесу барысында шығарма желісі бойынша дайындалған бейнетрейлер көрсетіліп, көрермендермен интерактивті талқылау ұйымдастырылды. Қатысушылар кеш қонағына сауалдарын қойып, «Оң қол» әңгімесінің әдеби-психологиялық және философиялық мазмұнына қатысты тұжырымдарын ортаға салды.
Іс-шараға Астана қаласындағы «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Жақсыбай Боранбаев та қатысты. Ол жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, кеш қонағы Ықылас Ожайұлын және Ғылыми кітапхананы «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыруға белсенді атсалысқаны үшін алғыс хаттармен марапаттады.
