
«KitapTime» фотобайқауының қорытындысы







Университеттің отыз жылдық мерейтойына орай Ғылыми кітапханада «KitapTime» («Объективтегі кітапхана») фотобайқауы өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – кітапхананың күнделікті және академиялық өмірін, кеңістігі мен құндылықтарын бейнелейтін цифрлық галерея жасау, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін насихаттау болды.
Қатысқан студенттер кітапхананың заманауи келбеті мен ерекше атмосферасын, кеңістігі мен оқырман мәдениетін, оқу үдерісі мен іс-шараларды көрсететін шығармашылық жұмыстар ұсынды.
Байқауға университет студенттерінен елуге тарта жұмыс келіп түсті. Жұмыстарды арнайы құрылған қазылар алқасы – университет Баспасөз қызметінің басшысы Ербол Ерденбек, Ғылыми кітапхананың мамандары Балнұр Тәуекелова мен Арманбек Жакейхан бағалап, жеңімпаздарды анықтады.
Бірінші орын: «Бақыт сыйлаған сәт» – «Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының» үшінші курс студенті Ерланқызы Айлана.
Екінші орын: «Жан тыныштығы» – «Көлік-энергетика факультетінің» үшінші курс студенті Бейшен Айдын.
Үшінші орын: «Кітап - білім бастауы» – «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің» үшінші курс студенті Муратова Асылым Арманқызы.
Алдағы уақытта үздік фотосуреттер мен іріктеуден өткен жұмыстар кітапхана холында фотогалерея ретінде ұсынылады.
