
Алаш көсемі – Әлихан Бөкейхан
Тірі болсам, қазаққа
қызмет қылмай қоймаймын!
Әлихан Бөкейхан
Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай өткен ғылыми конференция аясында ЕҰУ Ғылыми кітапханасы «Әлихантанудан – Алаштануға дейін» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің басты мақсаты – қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттығы жолындағы күрестің көшбасшысы Әлихан Бөкейханның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін насихаттау, сондай-ақ Алаш қозғалысының тарихын, ұлттық баспасөздің қалыптасуын, алаш арыстары мен қазақ зиялыларының мұрасын оқырман қауымға кеңінен таныстыру.
Әлихан Бөкейхан – ұлт бостандығы мен ел тәуелсіздігі жолында күрескен ірі тарихи тұлға. Оның идеялары мен еңбегі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына рухани негіз болды.
Кітап көрмесі «Әлихан Бөкейхан мұрасы», «1920-1940 жж. жаппай саяси қуғын-сүргін», «Қазақ баспасөзінің негізі», «Алаш арыстары», «Ұлт қайраткерлері» атты бөлімдерді қамтыды.
Көрменің алғашқы бөлімінде белгілі алаштанушы ғалым С. Аққұлының құрастыруымен жарық көрген Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы ұсынылды. Сонымен қатар тарихи құжаттарға негізделген «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық архив құжаттары қойылды. Бұл еңбектерде Алаш арыстарының өмірі мен қызметіне қатысты бұрын беймәлім болып келген деректер қамтылған. Аталған басылым – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында жинақталған бірегей архив құжаттарына негізделген құнды ғылыми жинақ болып табылады.
Сонымен қатар «Қазақ баспасөзінің негізі» атты бөлімде қазақ баспасөзінің қалыптасу кезеңін көрсететін бірқатар құнды басылымдар ұсынылды. Олардың қатарында «Қазақ» газеті, 1913 жыл, 1914 жыл, 1915 жыл; «Айқап» журналы, 1911 жыл, 1912 жыл; «Сарыарқа» газеті, 1917-1919 жж., «Бірлік туы» газеті, 1917-1918 жылдары бар.
Бұдан бөлек, көрмеде Алаш қозғалысының тарихына арналған ғылыми жинақтар, алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Садуақасов және басқа да тұлғалардың шығармалары қойылды. Сонымен қатар ғалымдар Е. Сыдықов, Т. Жұртбай, Д. Қамзабекұлы, С.Аққұлы сынды зерттеушілердің Алаш тақырыбына арналған еңбектері оқырмандар назарына ұсынылды.
Көрмеге келген қонақтар мен оқырмандар ұсынылған әдебиеттермен танысып, Алаш қозғалысының тарихы мен қазақ зиялыларының ел тәуелсіздігі жолындағы қызметі туралы тың мәліметтер алды.
