
«САЛТ-ДӘСТҮРІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ!»- наурыз мерекесіне арналған іс-шара
Наурыз – көктеммен бірге келетін жаңару мен жақсылықтың бастауы саналатын ерекше мереке. Ұлыстың ұлы күніне орай ғылыми кітапханада «Салт-дәстүріңді құрметте!» атты танымдық жарыс ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ кітапхана қызметкерлерінің шығармашылық белсенділігін арттыру және ұжымдық ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шараның ашылуында кітапхана басшысы Оразалиев Бақытжан Әсетділдаұлы сөз сөйлеп, қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде ұлттық салт-дәстүрлердің қоғамдағы маңыздылығын атап өтіп, мұндай танымдық шаралардың ұжым арасында рухани құндылықтарды дамытуға ықпал ететінін жеткізді.
Жарысқа «Шаңырақ», «Береке», «Дәстүр» атты үш топ қатысты. Әр топ 5 қызметкерден құралды. Қатысушылардың білім деңгейі мен шығармашылық қабілеттерін қазылар алқасы жан-жақты бағалады.
Жарыс бірнеше кезең бойынша өткізілді. Таныстыру кезеңінде топтар өздерінің атауы мен ұранын таныстырып, ұйымшылдықтары мен дайындық деңгейлерін көрсетті. Келесі кезеңде Quizizz платформасы арқылы салт-дәстүрге қатысты тест тапсырмалары орындалып, қатысушылардың теориялық білімдері сараланды. Сонымен қатар, мақал-мәтелдерді жалғастыру кезеңінде қатысушылар өздерінің тапқырлығы мен ой ұшқырлығын көрсетті.
«Салт-дәстүріңді құрметте» кезеңі іс-шараның мазмұнын айқындай түсті. Бұл бөлімде қатысушылар қазақ халқының «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Беташар» дәстүрлерін сахналық көрініс арқылы көрсетіп, олардың мазмұны мен тәрбиелік мәнін кеңінен ашып берді. Көріністер барысында ұлттық ерекшеліктер мен дәстүр сабақтастығы айқын көрініс тапты.
Іс-шара қорытындысы бойынша қазылар алқасы қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін, белсенділігін және шығармашылық ізденістерін атап өтті. Наурыз мерекесіне орай барлық топтарға сыйлықтар табысталып, қатысқандары үшін алғыс білдірілді.
Аталған іс-шара ұлттық мәдени мұраны насихаттауға, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға және ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталды. Осындай шаралар қызметкерлердің рухани дамуына жол ашып, кәсіби тұрғыдан да ілгерілеуіне ықпал етері анық.
Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!
