
2025 жыл
ЕҰУ Ғылыми кітапханасында халықаралық конференция өтті
2025 жылғы 15 тамызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында IFLA-ның Ақпараттық сауаттылық секциясы ұйымдастырған «Баршаға арналған инклюзивті цифрлық сауаттылық: Білімді біріктіріп, болашақты қалыптастырамыз» атты халықаралық конференция өтті.
Бұл іс-шара 2025 жылдың 18–22 тамызы аралығында Астанада өтетін 89-шы Халықаралық кітапхана және ақпараттық конгрессінің (IFLA WLIC 2025) аясында ұйымдастырылды.
Конференцияның мақсаты – инклюзивті цифрлық сауаттылықты дамыту арқылы түрлі қауымдастықтарды біріктіру, халықаралық тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды кітапхана қызметінде тиімді қолдану жолдарын талқылау.
Іс-шара барысында әлемнің әр түкпірінен және Орталық Азия елдерінен келген мамандар тәжірибе алмасты, презентациялар, воркшоптар мен нетворкинг өткізіліп, қатысушыларға кәсіби даму мүмкіндігі ұсынылды. Сонымен қатар, қонақтар университет пен кітапхананы таныстыру турына қатысты.
Басқосуда мынадай халықаралық сарапшылар өз тәжірибесімен бөлісті:
- Золтан Шандор Ковач (Венгрия) – цифрлық қауіпсіздік және көпшілік кітапханалардағы заманауи шешімдер туралы айтты;
- Др. Неза Сингх (Үндістан) – қауымдастықтарды цифрлық сауаттылық арқылы дамыту жолдарын ұсынды;
- Наоми Мваурах (Кения) – инклюзивті цифрлық сауаттылық құрылымын әзірлеу бойынша жобаларын таныстырды;
- Др. Шэрон Янг (АҚШ) – цифрлық сауаттылықты оқыту әдістемесінің тиімді тәсілдерін түсіндірді;
- Др. Лейли Сейфи (Иран) – ауылдық аймақтардағы фермерлердің цифрлық сауаттылығын арттырудағы тәжірибесін ортаға салды.
Конференция IFLA Ақпараттық сауаттылық секциясының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Іс-шара соңында Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев шараның маңыздылығына тоқталып, оның кітапхана ісін дамытудағы және халықаралық әріптестікті нығайтудағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ, ол барша қатысушыларға және алыстан келген қонақтарға шынайы алғысын білдірді.







