Шын жүректен кітап сыйла

14-ақпан халықаралық кітап сыйлау күніне орай ғылыми кітапханада «Шын жүректен кітап сыйла» атты шара өтті. Кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев «Бүгінгі таңда кітап сыйлау бұл кітаптың құдіреттілігін, маңыздылығын дәріптеу, жастарды кітап оқуға шақырып, ынтасын арттыру. Бұл мерекені кітапханамызда жылда атап өту дәстүрге айналды» деп атап өтті. Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті Гүлмира Әшірбекова «Қазір білімдінің күні. Әрқайсымыз кітап оқуға қабілетіміз жетеді. Сондықтан кітап оқуды әдетке айналдырсаңыздар сіздер бүкіл әлемнің тілінде сөйлейтін деңгейге жетесіздер» деп кітап оқуға шақырды.
Филология факультетінің профессоры Тусупбекова Мадина, философия кафедрасының доценті Кемербай Рауан, механика-математика факультетінің доценті Нуртазина Қарлығаш, физика-техника факультетінің «Қазына» клубы, ақпараттық технологиялар факультетінің 1-курс студенті Камилла Мақсот, кітапханашы Мардакова Алмагүл және басқа да қызметкерлер өздерінің жеке кітапханасындағы кітаптарын кітапханамызға сыйға тартты.

   
Әдебиет әлеміне тереңірек батыратын әртүрлі қызықты викториналық сұрақтарға студенттеріміз жауап беріп, сыйлыққа кітаптар берілді. Ғылыми кітапхананың бастамасын қолдай отырып кітапхана қызметкерлері де кітапханамызға, оқытушыларға, студенттерге кітаптар сыйлады.
Мерекеге қатысқан «Қазына» клубының студенттері сүйікті авторларының өлеңдерін оқып, күй тартып, кешті тартымды өтуіне атсалысты.
Кiтап – жақсы дос, рухани азық. Бір-біріне кітап сыйлап, білімді байытып, қиялды дамытып, өзіңіздің сүйікті кітаптарыңызды басқалармен бөлісіп, өзіңіз үшін жаңа деректер табудан артық не бар? Бір-бiрiмiзге сүйіспеншілікпен кітаптар сыйлайык!