«КІТАП – БІЛІМ БҰЛАҒЫ» кітапхана кеші

Дәстүр бойынша жыл сайын өтетін Дүниежүзілік Кітап және Авторлық құқық күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасында «Кітап – білім бұлағы» атты кітап апталығы ұйымдастырылды. Апталық аясында 22 сәуір күні «Кітапхана кеші» өтті. Кітапхана кешінің ашылу салтанатында Халықаралық байқаулардың жеңімпаздары ЕҰУ-дің «Дала сазы» халық аспаптар оркестрі және «Самұрық» би мектебі өнер көрсетуімен басталды. American Corner волонтері Сайын Дінмұхамед гитарада ойнап, шығармашылығын тарту етті.

Іс-шара барысында ЕҰУ-дің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Дихан Қамзабекұлы, ғалым, ф.ғ.д., профессор Т. Жұртбай және ғылыми кітапхана директоры Б.Ә. Оразалиев жиналған оқырмандарды құттықтап, «Құнды тарту», «Көп оқылған кітап», «Үздік оқырман», «Үздік кітапханашы», «Кітапхана жанашыры» номинациялар бойынша марапаттады.

Кеш бағдарламасы бойынша мерекелік шаралар, кездесулер және шеберлік сабақ, тағы да басқа іс-шаралар өткізілді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жылдығына орай студенттер арасында «Ұлт ұстазымен үндесу» атты поэзиялық кеш және ЕҰУ ғалымдарымен «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ руханияты» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында Ахмет Байтұрсынұлының қазақ руханиятына қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.

Апталық аясында жас ақын Саят Әбеновтың «Өлшеулі өмір» атты жыр жинағының тұсаукесері өтіп, кітап сыйға тарту етті.

ЕҰУ-дің Журналистика факультетінің 4 курс студенті Есмағамбетов Рамазанның «Сәуірде жауған сәуледей» атты шығармашылық кеші өтті.

Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, «Қағаз жүрек» жыр кітабының авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының Мүшесі Жадыра Байбұлановамен кездесу болды. «Қызық екен» интеллектуалды ойыны кітаптар туралы қызықты деректерге сүйене отырып жасалған. Ойында студенттер өз білімдерін сынап, жүлделі сыйлықтармен марапатталды.

Оқырмандар арасында Ерлан Жақыпбек «Жылдамдыққа оқу және еске сақтау» мастер-класс өткізді. Студенттер кітап оқу туралы қызықты деректермен танысты.

Сонымен қатар Американ ақпарат орталығында «The RedBook» оқырмандар клубы «Хәрри поттер мен пәлсапа тас» кітабын талқылады. Джоан Роулингтің шығармашылығы бойынша қызықты әңгімелер айтылып, ойындар ойнатылды. Ең белсенді қатысушыларға American Corner Nur-Sultan атынан сый-сияпаттар берілді.

Шара соңында ғылыми кітапхана басшылығы осынау тағылымы мол рухани шараның өткізілуіне атсалысқан студенттер мен кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Кеш соңы қасиетті Рамазан айында жиналған қауымға ғылыми кітапханада кешкі ауызашар берумен ұласты.