Әбікен Хасенов және қазақтың күй әлемі

19 наурыз күні ЕҰУ Ғылыми кітапханасында  ұлы күйші, шертпе күйдің шебері, композитор, театр және кино актері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Әбікен Хасеновтың 130 жылдығына арналған  шығармашылық кеш өтті.

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының мұражай қорынан Әбікеннің шығармашылығынан көрме қойылды, фотосуреттер мен видеофильм көрерменге ұсынылды.

 

Шараны өнертанушы, әнші, композитор Ерлан Толеутай жүргізді. Тәттімбет күйлерін жеткізуші, қазақ даласын күйімен тербеткен ұлы күйші жайында көптеген естеліктер мен зерттеулер туралы баяндамалар жасалды. Осы кеште күмбірлеген күйлері орындалып, Несібелді Әбдірахманованың Әбікен Хасеновтың өмір тарихы мен творчествосына арнаған кітабының тұсауы кесілді. Мемлекет қайраткері Д. Қасейінов, ҚР Халық әртісі Т. Мейрамов, Қазақстан Еңбек сіңірген қайраткері, күйші А.Жайымов, ЕҰУ университетінің проректоры С. Мақыш «Әбікен» атты кітаптың  тұсауын кесті.