ҚОС АКАДЕМИКТЕР С. Қирабаевқа – 95 жыл, Ә. Бейсеноваға – 90 жас.

2022 жылдың 24 наурыз күні ғылыми кітапхана мен қазақ әдебиеті кафедрасы бірлесіп, көрнекті әдебиеттанушы ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, академик Серік Қирабаевтың туғанына 95 жылдығы, академик Әлия Бейсенованың 90 жасына орай «Академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың мемориалдық кітапханасы: жүйесі, мәні, маңызы» атты оффлайн-онлайн форматта дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелді модератор қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент – Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы жүргізді.

Серік Смайылұлының шәкірті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА, академигі, ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлы ұстазының студент кезінен жинаған бай кітапханасы, оның ішінде қолтаңбамен берілген кітаптары және сонымен қатар ғалымның зерттеу жұмыстарын жалғастыру туралы айтты. Қатысушылар қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушы-профессорлары ф.ғ.д. Серік Негимов, ф.ғ.д., Тұрысбек Рақымжан Сағымбекұлы, ф.ғ.д., Сағымбай Жұмағұл және «Физикалық және экономикалық география» кафедра меңгерушісі, Phd докторы Рамазанова Нургуль Есеновна және оқытушылар б.ғ.к., доцент Инкарова Жанслу Ишановна, г.ғ.д., профессор Сапаров Қуат Табылдыұлы академиктер С. Қирабаев пен Ә. Бейсенованың өмір жолдары мен еңбектері туралы естеліктерімен бөлісті.

Осы іс-шараға қатысқан Серік Смайылұлы Қирабаевтың ұлы философия ғылымдарының докторы, профессор Нұр Серікұлы ата-анасының еңбек жолдарымен, кітап жазу кезеңдеріне тоқтала отырып, кішіпейіл, қарапайым адамдар екеніне тоқталды. Университет басшылары мен ғылыми кітапханаға алғысын білдірді.

ЕҰУ ғылыми кітапханасының директоры Оразалиев Бахытжан Әсетілдаұлы қос академиктер С.С. Қирабаев пен Ә.С. Бейсенованың мұражай-кітапханасының кітап қоры туралы мәлімет беріп, оның маңыздылығына тоқталды. Іс-шара барысында ғылыми кітапхана дайындаған академиктердің шығармашылығына арналған «Сын сарбазы – академик Серік Қирабаевқа 95 жыл», «Академик Әлия Бейсенова 90 жаста» атты бейнероликтер ұсынылды. Сонымен қатар «Академик Серік Қирабаев – сын сарбазы», «Әлия Бейсенова – қазақтың айтулы географ-ғалымы» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды.