Қаныш Сәтбаев музейі бойынша виртуалды экскурсия

15 сәуірде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасы академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің қызметкерлерімен бірлесіп Zoom платформасының көмегімен мұражай бойынша виртуалды экскурсия өткізді. Іс-шара көрнекті қазақ ғалымы және академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған «Кітап – білім бұлағы» кітап апталығының бағдарламасы аясында өтті.

Онлайн-экскурсия барысында мұражай әдіскері Гаухар Балабаева мұражай экспозициясының жинағына академик Қ.И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметі туралы жеке заттар, түпнұсқа құжаттар, фотосуреттер, материалдар, зерттеу жұмыстары негіз болғанын айтты. Мұражайдың әрбір экспонаты еліміздің алғашқы геологы жасаған ғылыми жаңалықтарды егжей-тегжейлі көрсетеді.

Қатысушылар тарих пен мәдениетке енуге, сондай-ақ өз білімдері мен әсерлерін байытуға бірегей мүмкіндік алды.

Ғылыми кітапхана осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан мұражай қызметкерлеріне шын жүректен алғысын білдіреді.