Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНДА «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИСЛАМ МӘДЕНИЕТІ (НАУАН ХАЗІРЕТ, МОМАҚАН ӘЛИЕВ)» МОНОГРАФИЯЛАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

2017 жылдың 12 қыркүйегінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында Әділбек Бекболаттың «Қазақстандағы  ислам мәдениеті: Момақан Әлиев мұрасы» және  Берікбол Жанақовтың «Қазақстандағы ислам мәдениеті: Наурыз-Мұхаммед Таласұлының мұрасы» атты монографияларының тұсаукесері өтті.

Монографияларда Момақан Әлиев пен Науан Хазіреттің өмірі мен атқарған қызметтерінің, сонымен қатар Қазақстан аумағындағы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық-саяси өмірдің дін қызметкерлеріне тигізген  кері әсері, отаршыл билік жүргізген исламға «күйе жағу» саясатына  кешенді талдау жасалған. Онда көрнекті тарихшылардың, дінтанушылардың еңбектеріне сілтемелер берілген.

Авторлар сол кезеңдегі қазақ халқының рухани, мәдени қыспақта қалмастан өз дәстүрлерін, ислам құндылықтарын сақтап қалуын, Исламның қазіргі таңдағы қазақ даласындағы өміршеңдігінің бастауларын көрсетті.

Іс-шараны философия ғылымдарының кандидаты, дінтану кафедрасының доценті Кеңшілік Тышхан жүргізді. Кітаптардың тұсаукесеріне Иран Ислам Республикасының елшілері, профессорлар, оқытушылар, магистранттар, Момақан Әлиевтің ұлдары мен келіні қатысты.

Кітаптар исламтану, дінтану, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану және тарих саласындағы ғылыми зерттеушілерге және кең оқырман қауымға арналады. Кітаптарды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғылыми кітапханасының қорынан таба аласыздар.