МЕДИАТЕКА – ЖАҢА АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІККЕ ҚАДАМ

Ағымдағы жылдың 12-16 қарашасы аралығында ғылыми кітапхананың электрондық ресурстар залында кітапхананың мультимедиялық қорын көрсететін «Медиатека – жаңа ақпараттық кеңістікке қадам» атты шолу апталығы өткізілді. Әр түрлі тақырыптағы «Қазақ тіліндегі ғылыми және өздік жұмысқа арналған электрондық басылымдар» «Қазақ тіліндегі қашықтан білім алу жүйесі», «Даналардың ізімен» деректі фильмдер жинағы, «Электронды сөздіктер», «Көркем әдебиеттер» туралы аудиокітаптар, шет тілдерін (ағылшын, француз, неміс, қытай, кәріс және т.б.) үйренушілерге арналған басылымдардың аудио нұсқалары тыңдалды. «Мәдени-танымдық медиатека» күні бейнелеу өнері, кино, мұражайлар, хореография бойынша электронды басылымдармен өз оқырманын таныстырды. Сонымен қатар, университеттің білім беру бағдарламалары бойынша  бірнеше электрондық басылымдардың таныстырылымы көрсетілді.

Бөлім қызметкерлері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің цифрлық білім беру жобасы аясында шығарылған электрондық ресурстарымен қатар оқытушы – профессорлардың еңбектерінің электрондық нұсқасымен таныстыру күнін ерекше атап өтті. Ғылыми кітапхананың мультимедиалық қоры университеттің ғалымдарының еңбектерімен толықтырылуда.

Медиа-көрмеде кітапхананың сайтында орналасқан «Медиатекамен» (http://emedia.enu.kz) жұмыс істеу алгоритмі, алыстан қол жеткізу мүмкіндігі бойынша қосымша консультациялар өткізілді.

Медиатека апталығы оқытушылар мен білім алушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды, ғылыми кітапхана қорындағы ақпараттық ресурстардың маңыздылығы мен тиімділігін тағы да дәлелдеп берді.