ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАДА ИНКЛЮЗИВТІ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУЫ

Биылғы жылдың 24-қазаны күні, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасында  инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығы ашылды. Арнайы залдың ашылуы ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларға ақпараттық қолдау мақсатын көздейді. Университетімізде білім алатын 105 ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларға барынша ақпараттық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Орталықты салтанатты түрде университет ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов ашып, құттықтау сөзінде:  «Дүниежүзіндегі барлық иновациялық жоғарғы оқу орындары да инклюзивтік білім беру, инновация мен интеграция, академиялық принциптерімен қатар, университет саясатының басты принциптерінің бірі ретінде жарияланған. Бұл дегеніміз, университетіміздің инфрақұрылымында, оның ішінде ақпараттық-кітапханалық ресурстарына кедергісіз ортаны қалыптастырып, тең қолжетімділік жағдайын туғызу деген сөз. Осының маңызын түсіне келе, университет кітапханасының бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар студенттер, магистранттар мен докторанттар өз үлгерім деңгейлерін көтеруіне, академиялық ортамен кедергісіз сіңісуіне, кітапхананың баспа мен электронды ресурстарын емін еркін қолдануына қолайлы жағдай жасалды деуге толық негіз бар» – деп, атап өтті.

     Бүгінгі күнде, кітапханада «Лань» (https://e.lanbook.com) электронды-кітапханалық жүйесіне қолжетімділік қамтамасыз етіліп, көздері нашар көретін білім алушыларға электронды кітаптарды дыбыс синтезаторын таңдау арқылы, қашықтықтан оқуға мүмкіндік туғызылған. Сонымен қатар, «IPRbooks» (http://www.iprbookshop.ru)  электронды-кітапханалық жүйесіне де қолжетімділік қамтамасыз етіліп, арнайы риддер арқылы көздері нашар көретін, көз жанарынан тіпті айырылған білім алушылар адаптивті мобильдік көшіріп алу құрылғылары арқылы, қолжетімділік жағдайы жасалды. Орталықтың құзырында білім мен ғылымның барлық салаларын қамтитын медиатека (аудио, видео дискілер) бар.

     Атап өтетіні, 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Қол жетімді ақпараттық орта» атты жоба бойынша кітапхана альтернативті жеке кураторлық жұмыстарын білім алушылар арасында жүргізіп келеді және жалғасын табады. Орталықта көру қабілеті бұзылған жандарға арналған екі жұмыс орны жабдықталған: арнайы бағдарламалық қамтамасыздандырылған компьютерлік тифлокомплекс, Брайль дисплейі, Брайль принтері; зағип және көру қабілеті нашар пайдаланушыларға арналған оқу машиналары, экрандағы мәтінді үлкейту және түрлі түсті схемалардағы мәтінді оқуға арналған стационарлық электронды магниттер. Инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығы баспа және электронды ресурстарды жинақтаумен қатар, Брайл тілін үйрету бойынша тренингтер, семинарлар және басқа аудиторияның білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау үшін басқа да іс-шаралар ұйымдастыру болып табылады.

      Орталықтың материалдық-техникалық базасын дамытуға республикалық және халықаралық қорлардың гранттық қаражаттары тартылатын болады. Болашақта кітапхана кафедралармен тығыз байланыс орнатып, инклюзивтік білім беру бағдарламалары негізінде тәжірибелер енгізуді жоспарлап отыр.