ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ 100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ МЕН ЖАҢА БІЛІМ ҮРДІСІ

Ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен, 5 желтоқсан күні, филология факультетінің Абай атындағы аудиторияда, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында жарыққа шыққан Джули Ривкин мен Майкл Райаның «Әдебиет теориясы: Антология, 2 том» – атты оқулығының ғылыми редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы Аймұхамбетпен дөңгелек үстөл өткізілді.

Кездесу кеңейтілген дәріс негізінде өтті. Оған университетіміздің филология факультетінің 4 курс студенттері, 1 курстардың магистранттары мен докторанттары, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгер мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Шараға орай кітапхананың филология залы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы айдарымен кітап көрмесін ұйымдастырды.

Жанат Әскербекқызы аталмыш көрмеден кітаптарды қолына алып, парақтай отырып, тек өзі редакциялаған «Әдебиет теориясы: Антологиясы» жайлы ғана айтып қоймай, сонымен қатар Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениаралық коммуникация», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе», Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы», Юрии Лотманның «Семиотика» сынды кітаптарына арнайы тоқталып, білім алушыларға осы оқулықтар Гарвард, Оксфорд, Сорбонна сынды дүниежүзі мойындалған ірі университеттерде пайдаланылатынын айтты. Ол бір сөзінде: «Батыс әдебиеттану ғылымында біз үшін аса қызықты көзқарастар, зерттеу әдістері бар. Онда әдебиеттану тек әдебиетті ғана зерттейтін ғылым ғана емес, әдебиеттің өнердің барлық салаларымен генетикалық жақындығы арқылы қоса дамитын құбылыс ретінде қарастырады. Бүгінде Ролан Барт, Наталья Кристева, Юрии Лотман сынды әдебиетшілер семиотика, структурализм, постструктурализм сияқты теориялық таным жолдарын ұсынды. Әрине, олардың артықшылықтарымен қатар, кемшіліктері де бар. Ал сыни ойлау мен түсіну арқылы өз әдебиеттануымызды дамытуға пайдаланатын тұстарын үлгі тұтып, қолдануымыз керек» – деді ғалым.

Отырыс барысында қатысушылар Жанат Әскербекқызына түрлі сұрақтар қойып, жан-жақты қамтылған жауаптар алды. Сұрақтардың бірқатары «Әдебиет теориясы: Антологиясы» көп томдығының таңдалуына және шығарылу процесіне байланысты болды. Сонымен қатар, әдебиеттану ғылымының жалпы проблемалары мен оның шешу жолдарының бірі ретінде, осы кітаптардың да білім мен ғылым кеңістігі аясының кеңуіне себеп боларына, оң нәтиже беретіндігі үміт білдірді.

Қатысушылардың атынан Қайырбек Кемеңгер «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының ғылым үшін маңыздылығын айтып, кітап көрмесін ұйымдастырушылар мен Жанат Әскербекқызына  осындай үлкен еңбекке атсалысып, ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.