Паравелоспорттан Қазақстан чемпионатындағы жеңіс

 

Күн мен түннің теңелетін көктем айы университеттің ғылыми кітапханасының ұжымы үшін түрлі айтулы оқиғалар мен жетістіктерге толы болды. Өткен айдың есте қаларлық оқиғаларының бірі – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасының инклюзивті ақпараттық-ресурстық орталығының координаторы Гүлһая Жуашбаеваның паравелоспорт бойынша Қазақстан чемпионатындағы жеңісі болатын.

25 наурыз күні Тараз қаласында паравелоспорттан тұңғыш Қазақстан чемпионаты өтті. Оған 13 жұптан 26 спортшы қатысты. Спортшылар тандемде 7,5 км жеке жарыста өтті.  Чемпионат Ұлттық паралимпиада комитетінің, Қазақстан велоспорт федерациясының, «Raimbek» компаниясы командасының демеушілері мен Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллинаның қолдауымен өтті.

Бұндай Паралимпиада чемпионаты сияқты іс-шараның маңыздылығы өте жоғары. Қазақстан Велосипед Спорты Федерациясының бас хатшысы А.Қонақбаевтың сұхбатында: «2021 жылғы 25 наурыз – қазақстандық велоспорт пен қазақстандық параспорт үшін есте қаларлық күн. Біз паралимпиадашылар арасында велоспорттан алғашқы чемпионатты өткізе алғанымызға өте қуаныштымыз. Осыдан бір-екі апта бұрын біздің федерацияны ҒПК жазғы паралимпиадалық Велосипед спортынан спорттық ұйым ретінде таныды, соның нәтижесінде біз алғашқы чемпионатты өткізе алдық».

Спорттық жарысқа қатысушылардың қатарында біздің әріптесіміз Гүлһая Жуашбаевамен Ақтолқын Бұхарбаева бірге чемпионатқа қатысушы әйелдер командасы арасында жеңіске жетті. Айта кетейік, үлкен ықыласпен алға ұмтылған Гүлһая тынбай жасаған жаттығуларының, табандылықтың және зор ерік-жігердің арқасында осындай үлкен нәтижеге ие болды. Гүлһаяның өмірінде спорт үлкен рөл атқарады. Кітапхана ұжымы Гүлһаяны жарқын жеңісімен құттықтап, жаңа жеңістерге жетуде одан әрі табыстар тілейді!