Кітап – білім бұлағы

«Дүниежүзілік кітап және Авторлық құқық» күніне орай 15-22 сәуір аралығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасында  «Кітап – білім бұлағы» атты кітап апталығы өтті. Апталық аясында әдеби поэзиялық кештер, танымдық іс-шаралар, ақын, тележурналист және танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылды. Апталықтың алғашқы күні «Қазақтың Қанышы» академик Қ.И.Сатбаев атындағы Баянаул мемориальдық музейіне онлайн виртуалды таныстырылса, келесі «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша  «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты танымдық кеш өтті.

Қазақ  Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, қоғам қайраткері Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 125 жылдығына «Тектілікті ту еткен ғалым» атты ғұмырнамалық кеште оқырмандарымызға  университетіміздің ғалымдары Серік Негимов пен Тілеген Садықов академиктің өмірі мен атқарған еңбектері жайында кеңінен әңгімелеп берді. Жазушы Иманғазы Нұрахметұлымен «Booken club» оқырмандар клубы кездесіп, көкейде жүрген сұрақтарын ортаға салып, ой бөлісті. Қазақстандағы танымал тұлғалардың шынайы мүсінін жасайтын гиперреалист мүсінші Айдос Есмагамбетов мүсін өнері туралы айтып, құпия мамандығының қыр-сырымен бөлісті.

Қазақтың талантты тұлғасы, ақын, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына «Ән кемеңгері – Кенен Әзірбаев» атты әдеби-музыкалық кешке Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы, келіні Бақытжан Сағынбекқызы, немересі Мұхтар Әзірбаев ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтып, дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбеков пен халықаралық конкурстың лауреаты  Ержан Максим атамыздың бірнеше әндерін орындап, студенттерге әсерлі кеш сыйлады.

«Қайым Мұхамедханов – ұлтқа қызмет» атты мәдени-танымдық шарада қызы Дина Мұхамедханова  «Ұстаз бен шәкірт» атты кітабының тұсауы кесілді. «Білім жолындағы сабырлық: білім алушыларға арналған өзін-өзі реттеу әдістері» тақырыбында психологиялық қолдау орталығының мамандарымен бірге студенттерге тренинг өткізілді. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі жазушы-публицист, драматург, аудармашы, композитор және журналист І.Жансүгіровтың 130 жылдығына «Қазақ поэзиясының құлагері» атты әдеби кеште І.Жансүгіровтың  «Құлагер» және «Күйші» поэмалары талданып, оқырмандарға кеңінен түсіндірілді.

22 сәуір күні кітап апталығының қорытындысы «Кітапхана кеші» атты іс-шарамен жалғасты. Шараны ғалым Серік Негимов, опера және камералық концерт әншісі, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі Кенжеғали Мыржықбай ашып берді. Кешімізді университетіміздің «Дала сазы» оркестрі күйлерімен сәнін келтіріп, «Booken club» оқырмандар клубының студенттері тарихи тұлғалардың образына еніп, кешімізді бастап кетті. Қазақстанның Халық әртісі, пианист, концертмейстер Жания Әубакіровамен «Жанды кітап» форматында кездесу өтті.

Жания Яхияқызы өзінің еңбек жолындағы жетістіктері туралы ой бөлісіп, кітапхана қорына кітаптарын сыйға тартты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Шабыт» Халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тележурналист Толқын Қабылшамен «Осы бір сәт ұнайды» атты әдеби жылы жүздесу мен әдемі сұхбат болды.

 

Ақын жыр сүйер оқырмандарына, өлеңдерін оқып және өзінің аудио жыр жинақтары мен «Осы бір сәт ұнайды» кітаптарын кітапханамыздың қорына тарту етті. Кешіміз әрі қарай «Білгірлер алаңы» тарихи-танымдық сайыс, «Тапқыр болсаң, озып көр!» интеллектуалды ойын, «Әдеби QUIZ», «Кітап лабиринттерін зерттеу»  квест, «Книжный дресс-код» ойынмен және Джаз кешімен  жалғасты. Сәулет-құрылыс факультетінің Дизайн және инженерлік графика кафедрасы студенттерінің «Дәстүрлі қазақ өнері» атты сурет көрмесі қойылды. Кеш барысында қатысушыларға мерекелік лотерея билеттері таратылып, соңында ұтыстар ойнатылды. Қорытынды барысында ғылыми кітапхана директоры Оразалиев Бақытжан Әсетілдаұлы апталық аясында өткен көптеген кездесулер, тұсаукесер мен әдеби поэзиялық кештерге тоқтала отырып, студенттер арасында ұйымдастырылған «Бейнелеу өнеріндегі Ә. Қастеев қазыналары» атты фотобайқаудың қорытындысын жариялап және кітапханаға қолдау көрсетіп, белсенділік танытқан оқырмандарды «Алғыс хаттармен» марапаттап, жиналған оқырмандарды осы мерекемен құттықтады.