Отанды қорғау – азаматтық борышың

Ғылыми кітапхана 15-ақпан кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығару күніне орай «Отанды қорғау – азаматтық борышың» атты әскери-патриоттық тәрбие сағатын ұйымдастырды. Әскери кафедраның студенттері мен оқытушылары қатысқан бұл шараны кітапхананың директоры, ауған соғысының ардагері Оразалиев Бақытжан бастады. Студенттермен кездесуге Еуразия ұлттық унивеситетінде қызмет атқаратын ауған соғысының ардагерлері Сұлтанхан Аққұлұлы, Ербол Смағұлов, Кенжебек Омаров, Асқар Жұмаділханов, Біржан Белғараның жұбайы Дана Мақат арнайы шақырылды. Патриоттық сезім отбасынан басталады, отбасына қамқор болған азаматтың Отанын сүюі, қорғауы заңдылық, деп санайтын Бақытжан Әсетілдаұлы, ауған соғысының тарихына шолу жасады. Ауған ардагері Е.Смағұлов қиындығы мен қасіреті мол ауған соғысы кезіндегі жауынгерлік тапсырмаларын қалай орындағандарын, көп ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығын, көрсеткен ерліктері мен интернационалдық борыштарын адал орындап шыққанын баяндап өтті. Біз студенттерді өз Отандарын сүюге, қазақ елінде туып-өскендерін мақтан тұтатындай етіп, патриоттық рухта тәрбиелеуге тырысамыз. Қазіргі бейбіт заманның өзінде де жер шарының бір бұрышында соғыс өрті лаулап, онда жазықсыз жандардың мерт болып жатқанын, соларды қорғау жолында біреулер асқан ерлік көрсетіп жатқанын студенттер білуге тиіс, деді ардагер Сұлтанхан Аққұлұлы. Әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа отан сүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау барысында бұл күн осы қасіретті соғыста қаза тапқан интернационал жауынгерлерді еске алу күні, деп жалғастырды, ауған соғысы ардагері Біржан Белғараның жұбайы Дана Мақат.

Ардагерлердің әңгімелерін ұйып тыңдаған студенттер осы ауған соғысы жайында өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ардагерлерден жауаптар алды. Шараның соңында оқырмандар ауған соғысы туралы өлеңдер оқыса, әскери кафедраның студенттері патриоттық тақырыпта хор орындады, жастар рухы ұйымының студенттері күмбірлетіп күй тартты.

Тарихтан тәлім алған студенттерге «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» атты кітап көрмесі мен деректі фильм көрсетілді.