Сұлтан Бейбарыс – Дешті Қыпшақ перзенті

Университетімізде өткен «Бейбарыс Сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Мысыр жерін басқарған мәмлүктер тарихында даңқы жер жарған ұлы тұлға, араб елінің басын біріктіріп, үлкен жеңістерге жетелеген, күні бүгінге дейін халық аузында аңыз боп аты қалған Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыстың туғанына 800 жылдығына арналды.

Конференция аясында «Сұлтан Бейбарыс – Дешті Қыпшақ перзенті» атты бес бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды.  «Бейбарыс сұлтан: тарих, тұлға, уақыт» атты бөлімге шығыстанушы Сәки Қайраттың «Сұлтан Байбарыс», «Пирамида үстіндегі киіз үй немесе Байбарыс туралы», «Юрта на вершине пирамиды»; Бейбарыс: арабтың халық романы (аударған С.Абдрахманов) еңбектер қойылды.  «Бейбарыс сұлтан және өркениеттер тоғысы» бөліміне «Жизнеописание султана аз-Захира Бейбарса», Қ. Сәкидің «Ер қаруы – бес қару», «Ежелгі Қазақстан әфсаналары» және басқа да кітаптар, үшінші бөлімге Бейбарыс патшаның өмірі туралы араб тіліндегі зерттеулер, төртінші бөлім «Қыпшақтану» ғылымы туралы Халиди Қ. «Тауарих-и Хамса – Шығыстың бес елінің тарихы», Аджи М. «Кипчаки», Батырша-ұлы Б. «Мысыр Мамлүк мемлекетінің Дешті-Қыпшақпен байланыстары XIII–XV», Сәки Қ. «Қыпшақ мәмлүктер» және басқа да  еңбектер қойылды. М.Қашқаридың «Түрік сөздігі» мен Қазақстанда Бейбарыс сұлтан туралы бірінші болып баян етілген тарихшы Құрбанғали Халид 1910 жылы Қазаннан шыққан «Тауарих Хамса» атты еңбегі де көрмеден маңызды орын алды. Бесінші «Сұлтан Бейбарыс – тарихи деректемелерде» бөліміне Қазақстан ғалымдарының Ә. Марғұлан, Ә. Кекілбаев, О. Сүлейменов, Б.Е. Көмеков, Қ. Салғараұлы, Т. Жұртбай және т.б. кітаптары, сонымен қатар тарихи романдар мен мақалалар, фото-шежірелер қойылды. Конференцияға қатысушылар Мысыр мемлекетінің негізін салушы Сұлтан Бейбарыс туралы мол мәліметтермен танысты.