Bauyrsak party

Көктемнің жарқын мерекесі Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы  елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесі.  Осыған орай ғылыми кітапханада Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде «Bauyrsak party» мерекелік шарамен басталды. Наурыз мерекесіне арнап университетіміздің профессоры Р.С.Салықжанов бата берді. Наурызға жиналған барлық студенттер мен оқытушы-ғалымдарға, Ұлттық кітапханадан келген қонақтарға кітапхана қызметкерлері наурыз көже ұсынып, ет, қазы, қарта, бауырсақ, құрт, ірімшік, жент, тары-талқан сияқты ұлттық тағамдарға толы дастархан жайып, қымыз-шұбат сапырып, сусындарын қандырып әз-Наурыз тойын бастап кетті.     Наурыз тойы күмбірлеген қазақтың домбыра, қобызымен «Балбырауын», «Әлқисса» «Абай әндеріне вариация» күйлерімен ашылды. Сонымен қатар  кітапхана қызметкерлерінің  ұлттық киімдегі әжелер хоры, жеке орындаулардағы әуезді әндер мерекелік көңіл-күйдің көркін аша түсті. Наурыз тойға келген студенттер қонақ кәде жасады, тәжік ұлтының студенттері өз билерін биледі, қырғыз ұлтының бір топ студенттері қырғыз тілінде хор айтты, Якутиядан келген студенттер өздерінің ұлттық аспаптарында өнер көрсетті.

Мереке соңында барлық қатысушылар қаражорға биін биледі.

Осылайша Наурыз мейрамы тағылым мен тәрбиенің қарашаңырағында сән-салтанатымен және ерекше тартымдылығымен көпшілікті тәнті етті.