«Зәки Ахметов және қазақ әдебиеті»

«Кітап – білім бұлағы» атты кітап апталығының аясында 20 сәуір күні академик З.Ахметовтің 95 жылдығына орай «Зәки Ахметов және қазақ әдебиеті» атты дәріс өтті.
Дәрісті филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Оразбек Мақпал Социалқызы жүргізді. Өзінің ұстазы, өлең өнерінің негізін салушы, әлемдік әдебиеттану ғылымында есімі елге танымал З.Ахметовтың өмір жолдары мен ғылыми зерттеулеріне шолу жасап өтті. «Әдебиеттану саласындағы академик З.Ахметовтің ғылыми концепциясы» атты тақырыбында ғалым туралы айтқан әлемдік ғалымдар В.М. Жирмунский, С.Е. Малов, А. Щербак, Л. Тимофеев, М.П. Алексеев, Н. Юзеев және С. Қасқабасов т.б. пікірлерін талдады.
Ғалымның «Абайтанушы», «Мұхтартанушы», «Әдеби байланысты зерттеуші» еңбектеріне тоқтала отырып, әлемдік энциклопедияларға ғылыми зерттеу мақалаларын жариялап, қазақ әдебиетінің кеңестік әдебиетте танылуына зор үлес қосқанына тоқталды.
Сонымен қатар академик З. Ахметовтің өмірбаяны мен еңбек жолына, тарихи фото-шежірелеріне, монографиялары және баспасөз беттерінде жарияланған дара тұлғаларға арналған ғылыми мақалаларымен таныстырды.
Дәріс соңында қатысқан оқырмандар «Академик Зәки Ахметов ғылым биігіндегі тұлға» атты ғалымның еңбектеріне арналған кітап көрмесімен танысты.