ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ

28-ақпан ғылыми кітапханада  ақын, поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артынан аса бай әдеби мұра қалдырған, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ілияс Жансүгіровтің  туғанына 130 жыл толуына орай «Тұлға тағылымы» атты әдеби кеш өтті.

Іс-шара аясында әдебиет сүйер көпшілік оқырман ақынның әр тақырыптағы өлеңдер топтамасына саяхат жасады. Атап айтқанда Ілияс Жансүгіровтің  пейзаждық лирика саласынан, табиғатқа арналған «Жазға салым», «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Жаз», «Қыс», «Көктемде», «Мезгіл суреттері», «Жел», «Ағынды менің Ақсуым», «Жазғы таң»,  «Жетісу суреттері» атты өлеңдерін филология факультетінің, журналистика және саясаттану факультетінің студенттері Жанат Айдын, Даяна Атымтай мәнерлеп оқыды.

Филология факультетінің 4 курс студенті Марат Жанболат кештің сәнін келтіріп, қазақтың қара домбырасымен құйқылжыта күй орындап, жиналған қауымды Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнімен сусындатты. Қаламгердің шоқтығы биік  шыңы – «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты  көлемді поэмаларынан журналистика және саясаттану факультетінің студенттері Халым Күзеухан, Ерхуат Махбал үзінді оқып, үлкен шеберлік көрсетті.

Тарих факультетінің студенті Болатбек Бексұлтан қаламгер шығармашылығы жайлы өз ой толғамдарымен бөлісті.  Шара барысында ән-күй астарласып жалғасын тапты. Әдеби кешті жүргізуші филология факультетінің студенті Алтай Жолдыбай, журналистика және саясаттану факультетінің студенті Белдеуханқызы Ақбота қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар жазған, әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектер қалдырған қаламгер жайлы ортаға ой тастап, пікір алмастырып отырды.

Шараға қатысушылар қазақ поэзиясының өсіп гүлденуіне, жаңа сапаға жетуіне орасан еңбек етіп, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің жас ұрпаққа қалдырған терең ойға толы алуан өлеңдер үлгісімен,  тұлға тағылымымен танысып, ақынның еңбектерінен ұсынылған кітап көрмесін тамашалады.