«ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТ» АТТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

18 сәуір күні Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы мен тарих факультетінің ұйымдастыруымен «Қайым Мұхамедханов – ұлтқа қызмет» атты мәдени-танымдық шара өтті. Шараға Қайым Мұхамедхановтың қыздары Дина мен Қарлығаш Мұхамедхановалар, ЕҰУ ғалымдары мен студенттері қатысты.

   

Тарих факультетінің деканы Бекмағанбетов Өмірбай жүргізген шараның шымылдығы «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық ұйымының директоры, профессор Дина Қайымқызының баяндамасымен ашылды.

Баяндамада Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы мен қызметі, ғылыми-зерттеулері туралы кеңінен мағлұмат берді және  «Ұстаз бен шәкірт» атты кітабының тұсауы кесілді.

Университетіміздің профессоры Тұрсын Жұртбай ғалымның ұстаздық шеберлігіне және қайраткерлігі жайында естеліктер айтып, академик Ғарифолла Есім Қайым Мұхамедхановтың поэзия тануға қатысты көзқарастарын, алаштанушы Сағымбай Жұмағұлов Абай өлеңдерінің текстологиясын жасау саласындағы Қайым Мұхамедхановтың еңбектері туралы баяндама жасады.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, алаштанушы ғалым, ақын, жазушы – драматург, аудармашы Қайым Мұхамедхановтың қолжазбалары, кітаптары, фото-суреттерінен көрме қойылды.